
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы Білім беру ұйымдарының кітапханаларын перспективті дамытудың және «Оқуға құштар мектеп» жоспарын орындау мақсатында осы жылғы қазанның 11-13 күні аралығында Қапшағай қаласындағы Республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Оқуға құштар баланы тәрбиелеудегі мектеп кітапханасының ролі» тақырыбында мектеп кітапханашыларының республикалық семинары өтті.
Семинарға мектеп кітапханашылармен бірге ҚР БҒМ Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана қызметкерлері, «Балдәурен» РОСО мамандары, Назарбаев зияткерлік мектептері мен республиканың жалпы білім беру мекемелерінің кітапхана меңгерушілері, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің кітапхана ісі жөніндегі әдіскерлері қатысты.
Семинардың мақсаты: оқуға құштар баланы тәрбиелеуде кітапхананың рөлі мен мүмкіндігін арттыру, кітапхананың қызмет көрсету формаларын жетілдіру және дамыту, заманауи әдістерді меңгеру, тәжірибе алмасу, кітапханашылардың кәсіби біліктілігін арттыру.
Семинардың ашылу салтанатында Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының кешен басшысы Джалаева Ляззат Ахимбековна шара маңызын, өзектілігін айта келіп, семинардың жұмысына сәттілік тіледі.Пленарлық мәжілісте Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана ғылыми-әдістемелік бөлімшесінің басшысы Емишова Аманкуль Бастаубаевна, ҚР БҒМ Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры Сайдембаева Алия Шуратовна «Оқуға құштар баланы тәрбиелеудегі мектеп кітапханасының рөлі» атты баяндама жасады. Өз кезегінде кітапханашылар да кітапхананың өзекті мәселелері жөнінде өз ойларын ортаға салып, ұсыныстар айтып пікір алмасты.
Семинар жұмысы Алматы қаласындағы Ж.Жабаев атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасына саяхат жасаумен жалғасын тапты. Келесі күні секция барысында көрсетілген әдіс-тәсілдер, практикалық жұмыстар басым болғаны кітапханашыларға ұнады, өйткені теорияны практикамен ұштастырудың тиімділігі маңызды. Семинар кезінде «Білгір кітапханашы-2021» зияткерлік байқауы шарасы қызықты өтті. Байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Бас жүлде Жамбыл облысынан келген кітапханашы Секеева Нұрсұлу Рыскелдиновнаға бұйырды. Ал семинардың жабылуында барлық кітапхана қызметкерлері алғыс хат пен сертификаттарға ие болды. Қорыта айтқанда, кітапханашылар семинарының пайдалы, тиімді тұстары көп болды. Әріптестер қатысқан семинар кітапхана қызметінің теориялық және практикалық аспектілерін түсінуге көмектесті деп үміттенеміз.







.png)