
Жарқын жүздесу
Балалардың бал мекеніне айналған Қонаев қаласы, «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Til – uaqyt beinesi» жас лингвистер жиыны» атты 2022 жылдың 12-ауысымы жүріп жатыр. Балалардың тіл біліміне деген қызығушылықтарын оята отырып, тіл ғылымын құрметтеуге, жанашыр болуға баулу, лингвистикалық дүниетанымын дамыту мақсатындағы ауысымға еліміздің Алматы, Абай, Жамбыл, Жетісу, Түркістан, Шығыс – Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Ұлытау облыстарымен Алматы, Шымкент қалаларынан келген балалар қатысуда. Жоспар-кестеге сай балалармен жүргізіліп жатқан жұмыстар қазақстандық патриотизм негізінде тілге деген қызығушылықтарын арттыру, зияткерлік әлеуетін дамыту тіл ғылымына құрмет дағдысын қалыптастыра отырып ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу.
Әр ауысым тақырыбына сай «Жарқын жүздесу» айдарында кездесулер өтіп тұрады. Бұл ауысымда Қазақстандық ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат орденінің» және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Осман Әлиқызы және Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақ радиосының дикторы Серіков Аманжан Еңсебайұлымен кездесу өтті.


Қазақ тілі жанашырларының бірегейі Асылы апамыз балаларға қазақ тілінің абыройы артуы үшін тілге ең алдымен қажеттілік керек екенін ескертіп, мемлекеттік тілді үйренуді дұрыс талап етуіміз керектігін айтты. Ал ауысым қатысушылары қазақ тіліне байланысты өз ойларын білдіріп, қазір тіліміздің шұбарланып кеткенін, қазақ тілінде сөйлегенді құп көретіндерін айтып, апамызды бір қуантып тастады.
Керемет дауыс иесі, естіген сайын тыңдай бергің келетін Аманжан Еңсебайұлы дикторлық мамандықтың қыр-сырына тоқталып, ұлттық құндылықтарымыз бен рухани дамуымызға азық болар Қазақ радиосының даму тарихына, ол кездегі ұлы тұлғалардың сіңірген еңбектеріне тоқталды. Қазақстандық жас патриоттар Академиясының энциклопедиясынан үзінді оқып, жасөспірімдерге өнерін паш етті. Қазақ радиосының дикторына мамандығы, өмір жолы, кездесулері жайында көп сұрақтар қойылды. Балаларға жауап беріп, өзінің қалай Қазақ радиосына келген тарихын айтып берді. «Ана тіліміз ол – қазақ тілі» ең бірінші орында болуы керек екенін болашақ ұрпаққа дәріптеп, тілімізді өзінің тұғырына қоюымыз қажеттігін баяндады. Кездесу соңында Қонаев қаласы «Балдәурен» РОСО кешен басшысы Есебаев Нұржан Аралбекұлы келген қонақтарымызға алғысын білдіріп орталық атынан естелік сыйлықтарды тарту етті.
Сонымен қатар, ауысым қатысушыларына жас ақын, Айбол Берікұлымен «Сөз қадірі» шеберлік сыныбы, жылдам оқу тренері Ислам Ерболұлымен «Алтын уақыт» жылдам кітап оқу сайысы өтті. Сайыс нәтижесінде «Тіл ақылдың – өлшемі» мерекелік концертте жеңімпазы болған оқушылар өздері Балдәуренге арнап шығарған өлеңдерін оқып, барша қатысушыларды қуантты. Кітап оқу жарысынан, мүшайрадан озған дарынды балаларды орталықтың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Хаджимуханова Жарқынай Биболатовна грамоталармен марапаттады. Шебер сынып өткізген қонақтарымызға алғыс хаттар берілді.
Кездесуден басталып екі күнге созылған шебер-сыныптар нәтижесінде балалар бойына рухани азық, кемел келешекке бастайтын даңғыл жол салынды. Ауысым қатысушыларымен тақырыпқа алдағы уақытта «Оқуға құштар Балдәурен» сахналық қойылым байқауы, «Туған тілім – тірлігімнің айғағы» Қазақстан халқының тілдер күніне арналған мерекелік концерт, «Балдәурендіктер және театр» Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына саяхат, «Ұлы дала қырлары» ұлттық құндылықтармен танысу сағаты, «TEDxBaldauren» конференциясы өткізілмек. Бұл шаралар жасөспірімдердің тіл ғылымын құрметтеуге, жанашыр болуға баулып, лингвистикалық дүниетанымын дамытады.
Қонаев қаласы,
«Балдәурен» РОСО баспасөз хатшысы:
Сатымхан Айжан Бекмұратқызы







.png)