«Егер сен алдыңа бір жылдық мақсат қойсаң егін ек, бірнеше жылға мақсат қойсаң – ағаш отырғыз, ғасырларға мақсат қойсаң – ұрпақ тәрбиесімен айналыс», – дейді халық даналығы. Тәрбиенің бесіктен басталатынын ескерсек, ата – бабадан келе жатқан дәстүрлерді ең алдымен өзіміз түсініп, балаларға оның нәрін сіңіре білсек, болашақ ұлтжанды ұрпақ тәрбиелесек - бұл еңбегіміздің жанғаны, тәуелсіз ел болашағына қосқан үлкен үлесіміз.

          Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында: «Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың өзін-өзі басқаруын, шығармашылығын дамыту, олардың қабілеттерін іске асыру, қоғам өміріне бейімделуі, азаматтық сана-сезімін, жалпы мәдениетін, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру үшін жағдайлар жасауды көздейді» – деп көрсетілген. Балаларға қосымша білім беру – білім алушылардың білім алу қажеттіліктерін жан-жақты қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын тәрбиелеу мен оқыту үрдісі, үздіксіз білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі.

      Жас буынға қосымша білім беру жүйесі салауатты өмір салтын қалыптастыру, жеке тұлғаны өздігінен дамыту, шығармашыл, дарынды балаларды анықтау, оларға қолдау көрсету және қабілеттіліктерін дамыту, өскелең ұрпақ тәрбиесіне және олардың дарындылығын дамытуға, балалардың құқықтарын қорғауға назар аударуды күшейтуге бағытталған.

    Жалпы, тәрбие беруде демалыс та, каникул да болмайтынын барлығымыз білеміз. Тәрбие барлық уақытта, барлық жерде жүзеге асады. Бала тәрбиелеудегі басты құралдардың бірі, балалардың өз білімін жетілдірудің негізгі формасы -  дұрыс ұйымдастырылған үйірме. Егер үйірменің жұмысы қоғамдық пайдалы тапсырмаларды орындаумен, қоршап тұрған өмірмен, өндіріспен байланысты болса нәтижелі болады.

       "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығына еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі бір уақытқа балалар келеді, және осы қысқа мерзім ішінде уақытша ұжымда түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізіледі. Мен оқушылардың жеке басының рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастырудағы үйірме жұмысының рөлі туралы өз пікіріммен бөліскім келеді, патриоттық тәрбиені іске асыру қызметтің әртүрлі бағыттарын қамтитын қосымша білім беру бағдарламалары арқылы қалай өтетінін көрсеткім келеді. Бұл-шығармашылық, спорттық, сәндік-қолданбалы. Уақытша ұжым жағдайында үйірме қызметінің ерекшелігі шақырудың ұзақтығы өте аз, бірақ соған қарамастан үйірме жетекшілері өздерінің жаңа ауқымды  идеяларымен бөлісіп, бағыт беруде.

       Республикалық «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығында жасөспірімдерге арналған түрлі бағыттағы  үйірмелер демалушыларға қызмет етуде. Үйірмелердің негізгі мақсаты - баланың қызығушылығын оятып ,уақытын тиімді ұйымдастыра білу, ой-өрісі мен шығармашылық, сын тұрғысынан ойлау, көшбасшылық  қабілеттерін дамытуға, өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға және сол арқылы өз-өздерін кәсіби бағдарлауда, қоғамға бейімделу дағдыларын дамыта алуда көмектесу болып табылады.

     Орталығымызда тәрбиенің сапасына, әдіс-тәсілдерінің мазмұнына, мақсатына зор көңіл бөлінуде және жаңаша көзқарастар қалыптастырылуда. Жаңа талап - негізі қарқынды өркениет бағыттарынан қалыспай, терең білімді игеру.Осыған орай, орталығымыздың оқыту жүйесінде әлемдік және ұлттық негізде жеке тұлғаны дамыту үшін өте орынды жағдайлар жасалуда.

          Сондықтан да орталығымыздағы үйірмелерде баланың әр алуан іс-әрекеттеріне: қолөнер жасау, жобалау, модельдеу, зерттеушілік, шеберлік, шығармашылық  т.б  іс-әрекеттері үшін көп орын бар.

           Әр бала үшін осында болу - жаңа білім алу, өмірлік тәжірибе алу, шығармашылықпен айналысу  уақыты. Мұның бәрі орталығымыздың  ауысымын жоспарлаудың ойластырылған ,ұйымдастырылған жүйесінің арқасында мүмкін болды.

Мұнда  «Құмды терапия», « Қыш құмыра»,  «Жас дәрігер», «Жас  психолог», «Anime life», «Мобилография» , «Робототехника», «Балдаурен толқынында», «Жас тілші», «Қылқалам»,   «Үстел үсті ойындары», «Мерген» , «Фитнес», «Теннис» сияқты әр түрлі бағыттағы  үйірмелерді балалар таңдайды.  

         «Балдаурен толқынында», «Жас тілші» үйірмелерінде  балалар есту, есте сақтау қабілеттерін ,сөйлеу белсенділігін арттырады және дикциялық дағдылары мен  әртістік қабілеттерін, сахнада өзін ұстау өнерін дамытады, жаңа әндер үйренеді. «Қылқалам», «Жас тілші» үйірмелері  балалардың өздерінің шығармашылығын көбірек байқатуға тырысатынын көрдік. Соның дәлелі ретінде балардың  ютуб каналындағы мынау видеоны ұсынамыз.

           Қазіргі балалардың өзгерісі өте керемет, қиялы өте ұшқыр. Бір үйірмеге бара қалсаң балалар робот құрастырып жатады. Енді бірінде компьютермен айналысады. Бірінде балалар видео түсіріп жүр. Бұлар технологияға жақын, яғни балалардың жаңашылдыққа деген көзқарасы ерекше дегенді білдіреді. Үйірмелердегі балалардың іс-әрекетінің нәтижелері бүкіл орталығымыздың меншігіне айналуы біз үшін өте маңызды, бұл жұмыс әлеуметтік пайдалы, жастар кештерін, конкурстар мен олимпиадаларды, пікірталастарды, балалар шығармашылығы көрмелерін ұйымдастыруда көрініс табуда.

         «Робототехника» үйірмесі - бағдарламалау, алгоритм, математика және физиканы біріктіретін көп салалы ғылымды дамытады. Болашақ  техникалық мамандықтарға бейімдейді. Робототехника құрал-жабдықтар көмегімен пайдалы дағдылар мен ғылыми-техникалық бағыттағы  креативті шығармашылық ойлауды ,сонымен қатар стандартты емес шешімдерді табу үшін ынталандырады  және жеке тұлғаның мотивациялық потенциалын  қалыптастырады.

         «Anime life» үйірмесі - балалардың сүйікті үйірмелерінің бірі. Бастысы – қазіргі заманның талабына сай бейнелеуге үйретеді, қазіргі заманның мультфильм кейіпкерлерінің суреттерін салып, әсемдік  пен жаңаша үйлесімділікке баулиды, сурет салуға машықтандырады, анималист, мультипликатор сияқты мамандықтарға бейімдейді.

       «Мобилография» үйірмесі фотосурет – фотоәуесқойлықпен айналысуға, суретке түсіру өнерін жетік меңгеруге, болашақта – фотограф, фототілші, фоторепортер мамандығының иесі болуға тәрбиелейді. Біздегі мобилография үйірмесінің маманы әрбір маңызды  іс-шараларға қызықты видеоматериал дайындайды, сол арқылы келген демалушы балаларға патриоттық тәрбие береді.Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету адамгершіліктің ең жоғарғы  қасиеттерінің бірі болып саналады. “Қарттарын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік” – демекші қарттар үйіндегі кездесуден видео материалды ұсынамыз. Маншүк  Маметованың 100 жылдығына орай ұрандар байқауы да жеткіншектердің қолдауымен жоғары деңгейде өтті. Бұл да жас маманның үйірмені қызықты өткізіп, баланы үйірмеге тартуы.

           «Құмды терапия», « Қыш құмыра»  баланың «сазбен» пластикалық материалмен жұмыс істеу дағдылары мен бейімдерін дамытады. Сазды өңдеу бойынша технологиялық білім мен практикалық дағдыларды  игерумен қатар балшықтың өңделуімен танысады, оның қасиеттерін, кептіру және күйдіру кезінде өзін қалай ұстайтындығын зерттейді.

        «Жас дәрігер», «Жас  психолог», «Anime life», «Робототехника», «Балдаурен толқынында», «Жас тілші» т.б.үйірмелер  келген балаға кәсіби құндылық бағдарларын қалыптастырып, еңбекке баулып, болашақ мамандықты дұрыс таңдауға мотивация береді.

       Мысалы, «Жас дәрігер»  үйірмесі демалушы балаларға шұғыл жағдайларда алғашқы көмек көрсетуді үйретеді.

         Салауатты өмір салтын насихаттау барысында Балдауренде түрлі спорттық үйірмелер жұмыстарын атқаруда. «Үстел үсті ойындары», «Мерген» , «Фитнес», «Теннис» спорт үйімелерінде  жас өрендердің күш-қайраттарының дамып, шыңдалуына, төзімділік, ептілік, шапшаңдық,  қасиеттерінің жетілуіне, жалпы физиологиялық өсіп-дамуына зор әсер етіп, командалық рух, бір-біріне деген достық қарым-қатынас тәрбиеленеді.

         Балдауренде «Лидер» пікірсайыс үйірмесі алдыңғы  қатарда десек қателеспеймін.Үйірме мамандары  барлық деңгейде дебаттарды дамыту жолында іс-шаралар жоспарын әзірлеп, күн сайын жүйелі, ауқымды түрде жұмыстар жүргізуде. Жас ұстаздар мен ұйымдастырушы ұстаздардан құрылған «TEDx BALDAUREN» жобасының  жетекшілері пікірсайыс қозғалысын  дамыту үшін оқушылар арасында семинар-тренингтер ұйымдастырып, қойылған мәселелер мен алдағы перспективаларды талқылайды.  «TEDx BALDAUREN» дебат- конференциясында әсіресе қатысушыларға ұнағаны - еркін тақырып таңдауы. «Маған бәрібір», « Робот дәрігер», «Зона комфорта», «Жастардың жаңа менталитеті», «Үздік оқушы синдромы», орыс тіліндегі «Цикл злости», «Как избежать конфликта?», «Школа убивает кретивность детей», «Центр помощи и адаптации неопределившихся в жизни подростков», «Какие предметы внести в школьную программу?» сияқты тақырыптар арқылы балалар бүгінгі жастардың өткір де өзекті әлеуметтік мәселелерін  қозғап, сыни көзқарастарын белсенді түрде жеткізе білді.

           Қазіргі кезде балалар арасында пікірталас өнерін қалыптастыратындай ахуал туғызуымызды түсінуіміз керек. «TEDx BALDAUREN» конференциясына қатысқан баланың саналы, салмақты шешімдер қабылдауына алғашқы қадамы болуы мүмкін. Өйткені, жасөспірімдердің сөздерінен  қаншалықты терең әрі сапалы ойлайтынын, қазіргі таңда біздің қалай өмір сүретінімізді, болашақта еліміздің өсіп келе жатқан ұрпақпен  қалай дамитынын көруге болады. Осындағы іс-шараларға белсене қатысқан оқушылар өз қалалары мен ауылдарында, өз мектептерінде дебаттарды жандандырып, осы жаңа форматағы «TEDx» жобасын жалғастырады деп сенемін.

           Осылайша, үйірме жұмыстары  баланың жеке танымдық  қызығушылықтар мен бейімділіктерін қанағаттандыру, өз ой-өрісін кеңейту, шығармашылық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ олардың бос уақытын ұйымдастыру мақсатында жүргізілуде. Ол білім беру, дамыту және ең бастысы тәрбиелік міндеттер тығыз байланысты келген балаға аз уақытта кәсіби бағдар беру құралы  ретінде қызмет етеді.

            Ауысым барысында балалардың әртүрлі қабілеттері мен қызығушылықтарын анықтау бойынша жұмыс жүргізіледі, олардың жеке ерекшеліктері зерттеледі. Жеке балалардың жетістіктері байқалған кезде олар сәуле алады. Әрбір сәуле – САПАНЫҢ символы: әзіл сәулесі, білім сәулесі, достық сәулесі, батылдық сәулесі, денсаулық сәулесі, спорт сәулесі т.б  күн сәулесін жинау үшін Сіз өзіңізді көшбасшылықты  дәлелдеп, күннің соңында Сәулені жеңіп алуыңыз керек. Ауысымның міндеті: барлық күн сәулелерін жинау. Гала-концертте ауысым соңында әр адамның күн сәулесі барлық сәулелермен жарқырап, бірге барлық күн сәулелері "шуақты қаланы" құрайды. Осыдан балалардың  үйірмелерге белсенді қатысуына қарай олардың бойында білімге, білуге, үйренуге деген керемет күш пен  құштарлық барын байқаймыз. Бұл олардың үлкен өмірге тез араласып, ортада өз орнын тауып кетуіне үлкен мүмкіндік беретіні даусыз. «Бұлақ көрсең көзін аш», дейді ғой қазақ, сондықтан біздің орталығымыздың мамандары  шамамыз келгенше жанайын деп тұрған дарынды балалардың көзін ашуға тырысып жатыр деп ойлаймын.

     Ұлттық құндылықтарды насихаттау, патриоттық  тәрбие беру мақсатында болашақта «Асық ату» үйірмесін ашуға мақсат қойдық. Мақсаты: Ұлттық асық ойынын жандандырып, жоғарғы деңгейде оқушылардың ұлттық ойынға деген қызығушылығын қалыптастыру. Шығармашылық, ізденімпаздық, ойлау қасиеттерін дамыту, шыдамдылықтарын арттыру, ұжымдасып жұмыс істеуді қалыптастыру.

        Халқымыздың сәнді-қолтанбалы өнерін дәріптеу мақсатында  қыз балаларға арналған «Асыл мұра» үйірмесін ашамыз деп жоспарлаудамыз. Мұнда кесте тігу өнерімен қоса ою-өрнек түрлерімен танысады, кәде-сыйлар түрлерін ойлап тауып, сыйлықтар жасауды үйренеді. Жүнмен жұмыс – бояуды, иіруді, ширатуды, текемет басу тәсілдерін меңгереді. Құрақ құрау – түрлі қиық маталарды құрастырып, көрпе, жастық тігуді үйренеді.

     Балалар тәжірибелі педагогтардың жетекшілігімен  республикалық, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі түрлі конкурстарға, жарыстарға қатысып, көшбасшылық пен сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін арттырады.

Біріншіден, бұл денсаулық үшін пайдалы, әрі бала дамиды. Екіншіден ол төзімділік, ерік күші сияқты қасиеттерді дамытады.Үшіншіден, өмірде мұның бәрі оның қажетіне жарайды.

«Өнер - білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды;
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып - жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
Аты жоқ құр арбаны
Мың шақырым жерлерге,
Күн жарымда барғызды.
Адамды құстай ұшырды;
Мал істейтін жұмысты
От пен суға түсірді;
Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді»-  Ұлы ұстаз  Ы.Алтынсариннің  «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінің сөздерін басшылыққа ала отырып, жеткіншек жастарды елін-жерін сүюге, адамгершілікке, жаңашылдыққа, білімге жетелеу – біздің борышымыз екенін ұмытпауымыз керек. Себебі оқу-білімге ұмтылу арқылы жарқын болашақтың мол мүмкіншіліктеріне қол жеткізуге болатынына, қазіргі  жаһандану заманында, ақпараттық тасқын заманында, әлем әр сәт сайын өзгерістерге ұшыраған заманда біз жастарға дұрыс бағыт беріп ,ата-бабамыздан  мұра етіп қалған  рухани байлығымызды сақтай отырып, сол заман ағымымен бірге жүзіп, ілім үйренуге шақырумыз керек. Бүгініміз бен ертеңіміз -  мүмкін еместі мүмкін қылатын  білімді жастардың заманы екені анық.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасының  «Білім туралы» заңы
  2. Қалиұлы Серғазы. Қазақ   этнопедагогикасының  теориялық  негіздері  мен  тарихы. – Алматы, 2003. Сабиров Т. С. Болашақ мұғалімдердіңдидактикалықдайындығынжетілдіру. – Алматы,1999.
  3. Жарков А.Д. Технология культурно – досуговой  деятельности. –М.; Просвещение, 1998. -248с
  4. Жарықбаев  Қ.,Қалиев С. Халық педагогикасының  тағылымдар “Бастауыш мектеп”, 1990, № 2.
  5. Ковалева А.И. Трудовое воспитание учащихся во вне школьных учреждениях: Автореф.дис.канд.-М.,1980.22с 
  6. Караковский В.А. Любимые мои ученики. М.,1987, с.27).
  7. Т.В.Светенко. Путеводитель по дебатам. Учебное пособие для педагогов и учащихся.
  8. Ыбырай Алтынсарин  «Өнер-білім бар жұрттар..»  1876.

Хаджимуханова Ж.Б.,

оқу-тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары.

Қонаев қаласы «Балдаурен» РОСО РМКҚ


Біздің серіктестер

banner
banner
banner
banner
banner
banner
banner
banner